Павлодарда жас күйшілер байқауы өтеді
Шара Қазақ КСР халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Омаровтың туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйытқы болуымен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен өтетін байқауға музыкалық мектеп оқушылары қатысады.
- Байқау төл аспабымыз домбыраға деген қызығушылықты арттырып, жастар арасында ұлттық күй мұрасын жаңғырту мақсатынан туындады. Өнер әлеміне қадам басқан дарынды домбырашылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, жас өнерпаздарды анықтау және қолдау көзделеді, - делінген хабарламада.
Айта кетелік, Қазақ КСР халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Омаров 1919 жылы Аққулы ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келген. Әйгілі жерлесіміз Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен құрылған халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейін домбыра тобының концертмейстері және жеке домбырашы қызметтерін атқарды. Көптеген күйші-домбырашыларды тәрбиеледі. Қазақ халқының күй мұрасын, әсіресе, Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген.
«Ғасырлар пернесі» атты жас күйшілер байқауы 10 сәуір күні сағат 10.00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өтеді. Жас күйшілер екі кезең бойынша бақ сынайды.