Павлодарда жазғы профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимге ауыстырылды
Өңірде «Қауіпсіз жаз» науқаны басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жазғы демалыстың басталуына байланысты Павлодар облысының полициясы «Қауіпсіз жаз» ауқымды профилактикалық науқанына старт берді. Тәртіп сақшыларының басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдерді жазатайым оқиғалардан қорғау.
Жаз мезгілінде тәртіп сақшылары тарапынан жастарға бақылау дәстүрлі түрде бірнеше есеге күшейтіледі. Ювеналдық полицияның мобильді топтары күн сайын саябақтарды, аулаларды, сауда-ойын-сауық орталықтарын және Ертіс жағалауын патрульдеуде.
Полицейлер заң бойынша жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруіне қатаң шектеулер қойылғанын ескертеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарға ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында (кафелерде, компьютерлік клубтарда, барларда) болуға тыйым салынады. Ал сағат 23:00-ден кейін 18 жасқа толмағандарға заңды өкілдерінсіз көшеде және тұрғын үйден тыс жерлерде жүруге болмайды.
Аталған талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі. Алғаш рет бұзған жағдайда ата-аналарға ресми ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Түнгі уақытта балаларды кіргізген ойын-сауық мекемелерінің иелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл төлейді.
Рейдтер барысында полицейлер балалар жарақатының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударды. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен самокаттар мен велосипедтерді басқару кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Екінші маңызды бағыт – судағы қауіпсіздік. Ювеналдық инспекторлар төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жағажайларды бақылауда ұстап, белгіленбеген орындарда шомылу тек ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабына сәйкес айыппұл салуға ғана емес, адам өміріне де үлкен қауіп төндіретінін ескертуде.
Биыл өңірде 45 қауіпсіз жағажай мен 43 қауіпті аймақ цифрландырылып, 2GIS қосымшасына енгізілді. Полиция ата-аналарды балаларының қай жерде уақыт өткізіп жүргенін жеке бақылауға шақырады.
– Біздің мақсатымыз – азаматтарға айыппұл салу емес, балаларды қауіп-қатерден қорғау. Жаз – тәуекелі жоғары кезең. Жасөспірімдер бақылаусыз қалған кезде теріс ықпалға тез еріп кетуі немесе су жағасында және жолда орынсыз қауіпке баруы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды балаларына бақылауды күшейтуге, олардың кіммен және қайда жүргенін білуге, сондай-ақ қоғамдық орындарда, жолда және суда қауіпсіздік ережелерін үнемі еске салып отыруға шақырамыз, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлемісова.
Павлодар облысының жағалауларында және тұрғын үй алаптарында өткізілетін полиция рейдтері мен профилактикалық іс-шаралары жазғы демалыс кезеңі бойы үздіксіз жалғасады.