Павлодар әкімі тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады
Қала тұрғындары Хасар Хабылбековке автотұрақ, үй құжаттарын рәсімдеу және коммуналдық мәселелер бойынша жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көшпелі кездесу барысында көпқабатты үй тұрғындарының көтерген мәселелерінің бірі – ауладағы автотұрақтың жетіспеуі. Тұрғындар бос жатқан аумақты көлік қоятын орынға айналдыруды сұрады.
Хасар Хабылбеков бұл жерден жылу құбыры өтетінін, сондықтан көліктердің салмағы оған зақым келтіруі мүмкін екенін түсіндірді. Дегенмен әкім келесі жылы аумақты қарап, бөлек автотұрақ салуды жоспарға енгізуге уәде берді.
– Келесі жылы аумақты қарап, асфальт төсеу мүмкіндігін қарастырамыз. Бөлек автотұрақ жасаймыз. Оны келесі жылдың жоспарына енгіземіз, – деді қала әкімі.
Кездесуде тұрғындардың бірі үйдің техникалық паспорты мен кондоминиумды тіркеуге қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, қажетті құжаттардың болмауы рәсімдеу жұмыстарына кедергі келтіріп отыр.
Әкім жауапты мамандарға үйдің техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжаттарын іздестіруді тапсырды. Ал кондоминиумды тіркеу үшін тұрғындардың өздері жер учаскесіне қатысты құжаттарды рәсімдеуі қажет екенін түсіндірді.
Тұрғындар қоқыс контейнерлерін бұрынғы орнына, үйдің кіреберісіне жақын жерге қайтаруды да сұрады. Хасар Хабылбеков мұндай шешім барлық тұрғынның келісімімен қабылдануы тиіс екенін айтты. Ол үшін ортақ жиналыс өткізіп, хаттама жасау қажет.