Павлодарлықтар қылмыс деңгейі жоғары аймақтарды бақылай алады

Павлодарлықтар қылмыс деңгейі жоғары аймақтарды бақылай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Портал барлығына қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Qamqor.gov.kz порталында азаматтарға арналған көптеген түрлі қызмет бар. Оның ішінде: тексерулерді тағайындау актілері тексеру қызметі – кәсіпкерлер үшін ыңғайлы құрал, сонымен қатар, әкімшілік айыппұлдардың бар- жоғын тексеру және оларға шағымдану қызметі, мемлекеттік органдарға өтініштер мен полицияға арыздарды тексеру қызметі бар және де комитеттің географиялық ақпараттық жүйелері қылмыстық картасы, жол-көлік оқиғасы картасы және тағы басқалар да бар.

Сонымен қатар, балаларына алимент төлеуден жалтарған борышкерлерді, қылмыскерлерді және хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу сияқты қызметтер қарастырылған. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті қылмыс саласындағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Серік Ахметов мәлім етті.

– Қылмыс жасалған карта бойынша қай жерде, қай мекенжай бойынша қылмыс жасалғанын көруге болады. Ал қылмысты кім жасады немесе неше рет жасады деген ақпарат көрсетілмейді, – деді прокурор.

Портал барлығына қолжетімді. Оны пайдалану үшін интернеті бар компьютер немесе мобильді құрылғы немесе планшет, яғни күнделікті қолданыстағы құралдар жеткілікті.

Бүгінгі таңда Құқықтық статистика комитетінің атынан Бас прокуратура құқық қорғау жүйесін және жалпы мемлекеттік жүйені цифрландырудың қозғаушы күші болып табылады. Qamqor.gov.kz порталынан қылмыстық және әкімшілік істерді қарауды электронды форматқа көшіруден бастап, азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуіне арналған eotinish.kz порталына дейін көптеген жобаларды жүзеге асырды.