Биыл Павлодар облысының бес ауданында өрт сөндіру бекеті ашылады
Ал бір ауданда жоспардан тыс бекет құрылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ туындаған кезде жедел шаралар қабылдау мақсатында өртті сөндіруге күштер мен құралдарды тарту алгоритмі әзірленді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық ТЖД бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев баяндады.
– Облыста 57 өрт сөндіру бекеті, 59 түрлі техника, 140 қызметкер бар. Олар саны 115 мыңнан астам адам тұратын 263 елді мекенді өрттен қорғауды жүзеге асырады, – деді Жасұлан Жұмашев.
Оның сөзінше, өңірде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес 2024 жылы бес ауданда өрт сөндіру бекеттері пайда болады. Атап айтқанда, Баянауыл ауданының Бірлік ауылында, Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Железин ауданының Веселая Роща ауылында және Тереңкөл ауданының Львовка ауылында. Ал жоспардан тыс қосымша өрт сөндіру бекеті Ақтоғай ауданының Басқамыс ауылында салынады.
Еске сала кетейік, биыл қала мен аудандар аумағында табиғи сипаттағы өрттерді алдын алу мен өрт сөндіру шараларына, техникалық қару-жарақты сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдар шамамен 276 миллион теңге қаражатты бөлді.