«Ауыл аманаты»: Несие алудан Ақсудың кәсіпкерлері көш бастап тұр
Өз кәсібін өрлетуге ниеті бар тұрғындарға аталған жоба бойынша 5 жылға несие беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев мәлім етті.
– Қазіргі уақытта Ақсу аумағы бойынша 18 жоба қабылданды. Олардың 16-сы несиесін алып, жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар, несие алу үшін кепілдікке қойылатын мүлкіңіз болуы қажет, – дейді Төлеген Көшербаев.
Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнесті дамытуға тарту арқылы олардың жұмыспен қамтылуын және әл-ауқатын арттыру. Жоба бойынша іс-шараларды іске асыру есебінен агроөнеркәсіптік кешенде шамамен 318 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
– Талдау нәтижесі несиелердің басым бөлігі мал шаруашылығы саласын дамытуға бағытталғанын және жоба халық арасында үлкен қызығушылық тудырып отырғанын көрсетті. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 7 жылға дейінгі мерзімге несие беріледі. Ал қалған агроөнеркәсіптік бағыттар бойынша 5 жыл мерзім беріледі, – деді Төлеген Көшербаев.
Несиенің ең жоғары сомасы 8,6 миллион теңгені құрайды. Ал зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 27,6 миллион теңгеге дейін қаражат беріледі.