Мүткенов ауылындағы барлық жолдар мамыр айының соңына дейін асфальтталады

Мүткенов ауылындағы барлық жолдар мамыр айының соңына дейін асфальтталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғындардың өтініші орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байхановтың Ақтоғай ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі ірі жоба жүзеге асырылуда.

Мүткенов ауылдық округінің әкімі Риза Әкімжанованың айтуынша, бүгінде төрт көше мен ауылдың шығу жолында орта мерзімді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жол жөндеу жұмыстарын тәжірибелі мердігер компания жүргізіп жатыр, олар Тереңкөл, Павлодар және Успен аудандарының ауылдарындағы ауылішілік жолдарды да жөндеуде. Олармен 129 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды.

– Қазіргі уақытта кадр мәселесінде де, құрылыс материалдарында да мәселе жоқ. Облыс орталығында өзіміздің асфальт-бетон зауытымыз бар. Сондай-ақ Тереңкөл ауданындағы Песчаное, Калинино, Ивановка ауылдарында, Успен ауданында, Қаратай ауылында жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Нысандарды пайдалануға беру мамыр айының соңына жоспарланған, – деді мердігер ұйымның директоры Эльдар Галеев.

Өңір басшысы Асайын Байханов жол жөндеу кезінде, әсіресе, әлеуметтік нысандар маңындағы жұмыстардың сапасына баса назар аудару керектігін айтты.

– Бұған дейінгі кездесуде Мүткенов ауылдық округінің тұрғындары жол мәселесін көтерді. Аудан тарихында мұнда алғаш рет асфальт төселетін болады. Ең бастысы, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету және оны жоспарға сәйкес аяқтау, – деп атап облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Мүткенов ауылындағы мәдениет үйінің жөндеуден өтуі Ақтоғай ауданы тұрғындарының көптен күткен қуанышына айналды. Нысан апатты жағдайда болды. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 ақпанында басталды және 2025 жылдың 20 шілдесінде аяқталады деп жоспарлануда.