Успен ауданында жаңа футбол алаңы мен воркаут алаңы пайдалануға берілді
Жаңа спорт нысандары Вознесенка ауылының жастары мен тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсіміне Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев, кәсіпкерлер, ауданның белсенді тұрғындары мен ауыл жұртшылығы қатысты.
Қоңырөзек ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, жаңа спорт алаңдарын абаттандыру жұмыстары бір ай ішінде аяқталған. Жобаны жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 16 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Іс-шара барысында Вознесенка ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Стрижак ауылдың спорт инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.
Жергілікті кәсіпкерлер ауылдың футбол командасына жаңа ойын формасы мен футбол доптарын тарту етті. Бұл спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындалуына мүмкіндік береді.
Жаңа алаңның ашылуымен қатар мұнда жолдастық футбол турнирі ұйымдастырылды. Додада Успен, Вознесенка ауылдарының және «Романенко» шаруа қожалығының командалары бақ сынады. Қатысушылар ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерін көрсетіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Успен ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салтанат Әлпейісованың айтуынша, бүгінде Вознесенка ауылында 12-15 жас аралығындағы 15 жасөспірім және 18 жастан асқан 10-ға жуық тұрғын тұрақты түрде футболмен айналысады.
Жаңа футбол және воркаут алаңдары ауыл спортшыларының жаттығу өткізуіне, түрлі жарыстар ұйымдастыруға жағдай жасап қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және дене шынықтырумен тұрақты айналысатын тұрғындар қатарын арттыруға ықпал етеді.