Павлодарда жұмыртқа тапшылығы қашан шешіледі
Бұл сұраққа баспасөз жиынында «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Расымен де өңірімізде жұмыртқа тапшылығы, оған сұраныс байқалды. Жергілікті екі өндірушіге несие бердік. Олар – «Шарбақты құс» пен «Павлодар құс» фабрикалары. «Шарбақты құс» 1 ай бұрын жұмысын тоқтатқан болатын. Өйткені несие уақыты біткен еді. Қазір олар қайтадан өтініш берді, біз несие бермекпіз, – деді Бек Оразғұлов.
Ал, «Павлодар құс» жұмыртқа шығарып жатыр. Бүгін фабрика 10 дана жұмыртқаның бағасын 375 теңгеге дейін түсірді.
Бек Оразғұловтың ойынша, келесі аптада жұмыртқа тапшылығы жойылуы тиіс.
Айта кетейік, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өзіне қарасты тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға жұмыс жасайды. Қорға арзан бағадағы өнімдерді жинап, дүкендерге таратады. Сондай-ақ өтініш білдірген өндірушілерге жеңілдетілген несие береді.
Бүгінде тұрақтандыру қорында 2,2 млрд теңгенің 8,8 мың тонна өнімі бар. Облыста қормен серіктестік орнатқан 273 дүкен бар. Олар қордағы әлеуметтік өнімдерді сатуды жүзеге асыруда.
Фото: Константин Шелков