Павлодар облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттады

Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Министрлік мәліметінше, еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсімі 0,2%-ды құраған. Ал Павлодар облысы (+0,5%) бұл көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарымен қатар ең жоғары өсім тіркелген өңірлер қатарына енді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, тұрақтандыру қорларындағы көкөніс өнімдерінің нақты көлемі кейбір өңірлерде мәлімделген сандармен сәйкес келмейді. Бұл ретте тексеріс нәтижесінде бірқатар облыстарда картоп қорының айтарлықтай аз екені анықталды.
– Қоймалардағы нақты көлем мен ресми мәліметтер арасындағы айырмашылықтарға байланысты бірнеше облыста әкім орынбасарларына сөгіс жарияланды. Тұрақтандыру қорларының жұмысын күшейту қажет, – деді Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
Биылғы жылдың басынан бері республика бойынша картоп бағасы 19,3%-ға, қырыққабат 23,2%-ға, сиыр еті 9%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар күріш (-3,4%), жұмыртқа (-2,1%) және ұн (-0,3%) бағасының төмендеуі байқалады.
Қазіргі уақытта Үкімет Пәкістан мен Қытайдан арзан бағамен картоп жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтіп жатыр. Сауда комитетінің мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін 4000 тоннадан астам картоп импортталып, тағы 700 тонна жолда келе жатыр.
Сонымен қатар Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ өзара іс-қимылды күшейтіп, өнім жеткізу мен өндірушілерді қаржылық қолдау тетіктерін іске асыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет бірнеше шектеу шараларын қабылдады. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал экспорттауға тыйым салынды, картопты үшінші елдерге экспорттауға уақытша шектеу енгізілді, сондай-ақ импорттық тауық жұмыртқасын әкелуге тыйым салынбақ.