Павлодар облысы су қоймалары жарты миллион жаңа қоныстанушымен толығады

Павлодар облысы су қоймалары жарты миллион жаңа қоныстанушымен толығады
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында балық шабақтары мамандардың бақылауымен су айдындарына жіберіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында балық ресурстарын молайту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы өңірдегі бекітілген су айдындарына тұқы мен сазанның 459 мыңнан астам шабағын жіберу жоспарланған. Балықтандыру жұмыстары балық отырғызу материалын суға жібере салумен шектелмейді. Процесті балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының, жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдардың және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестігінің өкілдері бақылайды.

- Балық отырғызу материалын суға жіберу кезінде мамандар тікелей сол жерде болып, жұмыстың барысын бақылайды. Оның ішінде шабақтардың жағдайы да көзбен бағаланады: өміршең шабақтар бірден суға кетеді, ал өміршеңдігі төмендері су бетіне қалқып шығуы мүмкін. Балықтандыру нәтижелері заңнамада белгіленген тәртіппен комиссиялық түрде қабылданады, — деді Зайсан-Ертіс бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жангелді Қарабаев.

Оның айтуынша, мұндай бақылау жіберілетін балықтың санын ғана емес, жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуін де қадағалауға мүмкіндік береді. Балықтандыру жұмыстары балық шаруашылығы субъектілерінің шарттық міндеттемелері аясында, сондай-ақ шаруашылық қызмет салдарынан балық ресурстарына келтірілген залалды өтеу есебінен жүргізіледі.

2026 жылы облыстың бекітілген су айдындарына 12 балық шаруашылығы субъектісі 459 129 дана тұқы және сазан шабағын жіберуді жоспарлаған. Негізгі балықтандыру кезеңі қыркүйек–қазан айларына келеді. Бүгінде бір пайдаланушы балықтандыру жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Су айдынына 100 мың дана тұқы дернәсілі жіберілді.

Сонымен қатар қыркүйек айының соңында Павлодар облысы аумағындағы Қаныш Сәтбаев атындағы каналға балық жіберу жоспарланған. Су айдынына кемінде 151 145 дана сазан мен тұқының бір жылдық шабағы жіберіледі.

- Мемлекет үшін өңірдегі балық ресурстарын сақтап қана қоймай, олардың қорын қалпына келтіру де маңызды. Сондықтан әрбір осындай іс-шара белгіленген тәртіппен жүргізіліп, мамандар оның барлық қарастырылған кезеңдерінде бақылау жасайды. Биыл Қаныш Сәтбаев атындағы каналды балықтандыруға да ерекше назар аударылады, — деді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев.

Каналды балықтандыруға 13 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Балық отырғызу материалы Жамбыл облысынан жеткізіледі. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жеткізуші ретінде «Акрам» шаруа қожалығы анықталған. Мысалы, 2025 жылы облыстағы 13 балық шаруашылығы субъектісі су айдындарына 1 386 311 дана тұқы мен ақ амур шабағын жіберген. Өткен жылғы жұмыстардың жалпы құны 81 миллион теңгеден асты.

Балықтандыру — су айдындарындағы балық қорын қалпына келтірудің, түрлік құрамын сақтаудың және өңірдің тұрақты балық шаруашылығы базасын қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі.