Павлодарда құтқарушылар гараж шатырында қалған жасөспірімді эвакуациялады
Кәмелетке толмаған қыз дәрігерлерге тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға туралы хабар 112 жедел қызметінің пультіне түскен. Хабарламада Ледовский көшесінде қыз балаға құтқарушылардың көмегі қажет екені айтылған.
Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері қыз баланы гараждардың бірінің шатырынан тапқан. Арнайы альпинистік жабдықтар мен құтқару құралдарын қолданған мамандар оны зембілге жатқызып, биіктіктен қауіпсіз түрде төмен түсірді.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жедел жәрдем бригадасын оқиға орнынан өтіп бара жатқан адамдар шақырған. 2012 жылы туған қыз бала белгісіз заттың токсикалық әсерінен орташа дәрежедегі жағдайда балалар облыстық ауруханасына жеткізілген.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс істеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мамандар кәмелетке толмағандарды қараусыз қалдырмауға, олардың ғимараттар мен құрылыстардың шатырларына, сондай-ақ қауіпті нысандардың маңына баруына жол бермеу қажеттігін ескертеді.