Павлодар облысында қиын жағдайға тап болған екі жүзге жуық отбасы қолдауға зәру

Бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылықәлем бойынша ең кең таралған агрессия түрі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасындағы жағдайды бақылау мақсатында биыл облыста 600-ден астам отбасыға тексеру жүргізілген. Оның ішінде отбасыда қолдауды қажет ететін жағдайлар анықталып, ақпарат мемлекеттік органдарға жолданған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпова мәлім етті.
– Біздің басты мақсатымыз – зорлық фактісін тіркеуден бұрын алдын алу. Ерте араласу арқылы қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Бұл бағытта әлеуметтік қызметкерлермен, психологтармен және дәрігерлермен бірлесе жұмыс істеу — өте маңызды, – деді аға инспектор.
Зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету мақсатында полиция департаменті жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік әлеуметтік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан.
Жәбір көріп жүрген, көмекке мұқтаж павлодарлық әйелдер дағдарыс орталығы, «Аналар үйі» қоғамдық қоры, «Қорғау Астана» жеке қорына келе алады.
- 2025 жылдың басынан бері аталған дағдарыс орталығына 37 әйел жүгінсе, олардың 17-сі уақытша баспанамен қамтамасыз етілді. Бұлзорлықтан зардап шеккен азаматтарға қауіпсіз ортада болуға, психологиялық әрі құқықтық көмек алуға мүмкіндік береді, – деді Индира Жүсіпова.
Алты ай ішінде өңірде тұрмыстық қатынастар аясында 2 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, үш мың құқықбұзушыға қорғау ұйғарымдары шығарылса, 150-ден астам адам бұл ұйғарымдарды бұзғаны үшін қайта жауапқа тартылған, ал 627 тұлғаға сот шешімімен ерекше талаптар қойылған, оның ішінде 622-сына – алкогольдік ішімдік ішпеу, 20-на – психологиялық көмек алу міндеттелген.
Полицейдің сөзінше, көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымданбай, агрессорды кешіреді немесе үндемей шыдай береді. Бұл зорлықтың қайталануына әкеліп соғады. Бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылық әлем бойынша ең кең таралған агрессия түрі. Бұл қылмыс көбінесе жасырын сипатқа ие және оны болдырмау үшін қоғамның барлық мүшелері жұмыла әрекет етуі тиіс.
–Тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл жай ғана отбасылық жанжал емес. Бұл – жеке тұлғаның еркіндігін, ар-намысын, психологиялық жай-күйін таптайтын ауыр қылмыс. Өкінішке қарай, көп жағдайда бұл оқиғалар тіркелмейді немесе жәбірленуші кешіріммен қарап, арыз жазудан бас тартады. Бұл, өз кезегінде құқықбұзушылықтың қайталануына себеп болады, – деді аға инспектор Индира Жүсіпова.
Қорғау ұйғарымдары мен ерекше талаптар – құқықбұзушылардың әрекетіне шектеу қоюдың маңызды құралы. Бұл тек жазалау емес, оларды әлеуметтендіру мен мінез-құлқын өзгертуге бағытталған профилактикалық шаралар.
Зорлық-зомбылықтың түрі тек физикалық қана емес, психологиялық, экономикалық және жыныстық сипатта болуы мүмкін. Барлық жағдайда көмек сұрау жәбірленушінің құқығы.
— Егер сіз зорлық-зомбылықтың кез келген түріне тап болсаңыз, «102» нөміріне немесе «111», «150» Call-center орталығына хабарласыңыз. Біз көмектесуге дайынбыз, – деді полиция қызметкері.
Аға инспектор ер адамдардың да тұрмыстық зорлықтан зардап шегіп жатқанына назар аударды. Биылғы жылы Ақсу қаласында тіркелген қайғылы оқиға соның айғағы. Ер адам отбасылық жанжал кезінде жұбайының қолынан көз жұмған.
–Бұл отбасы бұрын полицияның есебінде болмаған. Егер алдын ала шара қолданылғанда, мүмкін бұл қайғылы жағдай болмас еді. Сондықтан біз ер азаматтарды да үнсіз қалмауға шақырамыз, деді Индира Жүсіпова.
Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету және құқықбұзушыларды жауапқа тарту арқылы қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз ету.