Павлодардағы көрме Қазақстан әскеріндегі зорлық-зомбылық тақырыбын ашады

Павлодардағы көрме Қазақстан әскеріндегі зорлық-зомбылық тақырыбын ашады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экспозицияда түрлі суретшілердің жұмыстарымен қатар, перформанс пен ашық диалог ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында алғаш рет Қазақстан әскеріндегі зорлық-зомбылық пен адам құқықтарының бұзылуы тақырыбын қозғайтын ерекше өнер көрмесі – «Үнсіздіктің үні» өтеді. Көрме 22 маусым күні сағат 17:00-де, Ак. Сәтбаев көшесі, 73 мекенжайы бойынша Human Right Space алаңында ашылады.

«Үнсіздіктің үні» – үнсіз қалып келген ауыр оқиғаларға өнер тілі арқылы үн қосатын ашық диалог. Көрменің мақсаты – тым ұзақ уақыт бойы елеусіз қалған дауыстарға сөз беру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеде ұсынылатын терең перформанстар мен әсерлі көркем образдар қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне үңілуге мүмкіндік береді.

Экспозицияда танымал және жас суретшілердің жұмыстары қойылады: Денис Панихин, Qairosh, mint marta, Оксана Акименко және Соня Прокопьева. Олардың туындылары – тек ауырлық пен осалдықты көрсету ғана емес, сонымен қатар қажетті өзгерістерге шақыру.

– Бұл көрме назардан тыс қалмауы тиіс мәселені талқылауға арналған алаңға айналса дейміз. Өнер – ең күрделі тақырыптар туралы айтуға мүмкіндік беретін ерекше құрал. «Үнсіздіктің үні» көрмесі осы тақырыпқа деген қоғамдық көзқарасты өзгертуге көмектеседі деп сенеміз, – дейді көрменің ұйымдастырушысы Денис Панихин.

22 маусымдағы ашылу бағдарламасы:

  • авторлар өз жұмыстарын қалай және не үшін жасағаны туралы ашық әңгімелерімен бөліседі;
  • көрменің әсерін күшейтетін ерекше перформанс ұсынылады;
  • еркін пікір алмасу форматындағы ашық диалог ұйымдастырылады – әр қатысушы өз ойымен бөлісе алады.

– Менің «Драм Казино» атты жұмысым – өте жеке тәжірибеге негізделген. Онда таңдау мүмкіндігінің жоқтығы мен болашақтың беймәлім қорқынышын жеткізгім келді. Көрермен орын алып жатқан жағдайдың абсурдтығын жүрегімен сезінсе екен деймін, – дейді авторлардың бірі Qairosh.

Көрме 23–27 маусым аралығында, сағат 12:00-ден 19:00-ге дейін ашық болады.

Кіру тегін, тіркеу талап етілмейді.