Павлодарлық ата-аналар балабақшада ақша жинау керек пе

Павлодарлық ата-аналар балабақшада ақша жинау керек пе

Ата-аналар тек үйірмелерге ғана қосымша ақша төлейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысының м.а. Жанат Асаинова мәлім етті.

–  Балабақшада ақша жинауға тыйым салынған. Ата-аналар жүз пайыз тек тамақтың шығындарын ғана төлейді. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларда  ақылы білім беру қызметтері  енгізілген. Яғни хореография, ментальды арифметика, робототехника  сияқты ақылы қызметтер болса, ата-аналардан  қосымша төлем алынады, – деді Жанат Асаинова.

Облыстық білім беру басқармасы жалпы, орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаеваның сөзінше, мемлекет жеке балабақшаларға жеке балабақшаның шығындарын ішінара жабатын ата-аналық төлемнің құнын өтеу үшін арнайы қаржыландыру бөлінеді.

Өңірде мектепке дейінгі ұйымдарда логикалық ойлауды дамытуға, балалардың дарындылығын  ерте  ашуға бағытталған робототехника кабинеттерін ашу, инновациялық дамыту технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Павлодар қаласының №6, № 10, №29, № 57, №122, Екібастұз қаласының № 26 сәбилер бақшаларында робототехника кабинеттері жұмыс істейді.

Айта кетейік, ата-аналар балабақшада ақша жинауға қатысты мәселеге тап болған жағдайда облыстық білім беру басқармасының  Call centre орталығына 65-00-60 нөмірі арқылы  хабарласа алады.