Павлодарда қызбен төбелескен оқушыны арнайы мектепке жібереді

Аталмыш істі полицейлер қарастырып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шәмкенов атындағы мектеп-лицейінің жанында жетінші сынып оқушысы құрдасын соққыға жыққан. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода қыздардың бірі екіншісін басынан қолымен ұрып, шашынан ұстап, тізесімен бетінен тепкенін көруге болады. Бейнежазбаға қарағанда, ұрып-соғудың кем дегенде үш куәгері болған.
Қыздар Шәмкенов атындағы мектеп-лицейде жетінші сыныпта оқиды.
- Тексеру жүргіздік. Төбелеске қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Бала тәрбиесіндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қызды ұрған оқушының заңды өкілі жауапқа тартылды, - деп хабарлады полиция департаментінде.
Сондай-ақ, мектеп оқушысының тәртібін кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы қарайтын болады. Оқушыны девиантты балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа жіберу жоспарлануда. Мекеме Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласында орналасқан.