Павлодарлық дәрігерлер шала туған сәбиге екінші өмір сыйлады
Баланың ішек патологиясы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық перинаталдық орталықта биыл 379 сәби дүниеге келсе, оның 133-і шала туған. Оларды реанимация және қарқынды терапия бөлемшесіне орналастырып, емдік көмек көрсетілмек.
Көптеген шала туған нәрестелер патологиямен дүниеге келеді. Ең жиі кездесетін – офтальмологиялық бұзылулар және ішек жолдарының аурулары. Жаңа туылған нәрестелерде жүрек патологиялары сирек кездеседі. 2024 жылы қазірдің өзінде 13 хирургиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық оталар жасалды.
Шала туылған балалардағы патологиялардың пайда болуының себебі – мүшелердің дамымауы.
Павлодар облысы перинаталдық орталығы неонаталдық реанимация және реанимация бөлімінің дәрігері Нұржас Бейсенбай жақында жаңа туған нәрестеге қатысты жағдай туралы айтып берді. Сәбиге 29 аптада іш қуысына операция жасалды.
– Нәрестеде ішек патологиясы болған. Мерзімінен бұрын туылғандықтан, оның ішек жолдары толық жетілмеген. Ананың жүкті кезіндегі ешбір ултра дыбыстық зерттеу немесе скрининг мұны көрсетпейді, - деп түсіндірді Нұржас Бейсенбай.
Бұл ауру туғаннан кейін ғана белгілі болды.
– Балалар ауруға өте сезімтал және дене қызуын тез жоғалтады, сондықтан хирургтар отаны тез жасауға тырысады. Бұл ота жалпы наркозбен бір сағатта жасалды. Баланың ішегі хирургтың алақанынан да кішкентай, ал салмағы – 900 грамм. Қазір баланың жағдайы тұрақты, тамақ іше бастады, – деп толықтырды дәрігер.
Көбінесе мұндай нәрестелер жүктілікті жоспарламайтын және оған алдын ала дайындалмайтын әйелдерде туады. Бұл сондай-ақ қандай да бір жұқпалы ауру немесе қан қысымы проблемалары бар аналарға да қатысты.
Сондай-ақ дәрігер шала туған балалар санының артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай балаларға жасалатын операциялардың саны артып келеді.
Айта кетерлігі, облыстық перинаталдық орталықтағы барлық операциялар міндетті медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі.