Павлодар облысында қызылша бойынша жағдай тұрақты
Облыста бүгінде қызылша жұқтырған 301 адам тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанованың айтуынша, 2023 жылы қызылшаның 604 жағдайы тіркелсе, 2024 жылы 301 жағдай анықталды.
– Қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді, аурудың төмендеуі немесе өсуі байқалмайды. Бірақ қазан, қараша және желтоқсан айларындағыдай күрт өсім жоқ. Сырқаттанушылық деңгейдің тұрақты болуын эпидемиологиялық үстірт деп атайды. Оны болжау мүмкін емес. Дегенмен төмендейді деп үміттенеміз, – дейді Зәмзагүл Досжанова.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін қызылшаға қарсы 607 адам вакцинадан бас тартқан. Қызылшаға қарсы вакцина жасау – медицина ғылымының үлкен жеңісі. Қызылшаға қарсы екпе бір жастан алты жасқа дейін жүргізіледі.
– Қызылшаны емдеуге арналған арнайы препарат жоқ. Антибиотиктер тек қызылшаның асқынуын емдеу үшін беріледі. Демек 60-шы жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан егу арқылы ғана қорғануға болады, – дейді ол.
Еске сала кетейік, облыс бойынша сырқаттанғандардың 42 пайызы – облыс орталығында, 27 пайызы – Екібастұз бен Ақсу қаласында. Аудан бойынша сырқаттанғандардың саны бойынша Баянауыл көш бастап тұр. Бұл ауданда қызылшаға шалдыққандардың саны – 37. Екінші орында (19 науқас) Павлодар ауданы, үшінші орында (12 жағдай) Тереңкөл ауданы тұр.
Наргиз Күбеш