Павлодарлық жастар есірткіге қарсы екендерін айқындады

«Ертіс толқыны» жобасының жазғы маусымы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс жағалауындағы төменгі жағында «Салауатты отбасы – болашақ кепілі» акциясы өтті. Онда жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған жарқын, мазмұнды және шабыттандыратын алаң ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – есірткінің зияны туралы айту ғана емес, сонымен қатар онсыз өмірдің қаншалықты қызықты, мәнді әрі алуан түрлі болатынын көрсету.
– Бүгін біз халықаралық отбасы күніне ортақ мақсат, есірткісіз болашақ, салауатты қоғам, жастарымыздың салауатты болашағы үшін жиналдық, – дейді облыстық ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Ирина Темірғалиева.
Оның айтуынша, өңірімізде жасөспірімдер мен жастардың есірткі қылмысына бару мәселесі бірінші кезекке қойылып, онымен күресу үшін түрлі шаралар атқарылуда. Бірақ, өкінішке орай, біздің облыс кәмелетке толмаған бозбалалар мен қыздардың ұсталуына қатысты қайғылы статистикалық деректерден де шет қалған жоқ.
Сол себепті маман ата-аналарға ең алдымен балалармен сенімді қарым-қатынас орнату керектігін ескертеді.
– Егер ата-анасы мен туыстары баласына қатысты өзгерісті байқаса, облыстық психикалық денсаулық орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына немесе республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына хабарласыңыз, – дейді ол.
Арнайы аймақтарда облыстық ЖИТС-тің алдын алу, психикалық денсаулық, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық секілді орталықтардың мамандары кеңес берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Қызыл Жарты Айы Павлодар филиалының алғашқы көмек көрсету бойынша және армрестлинг бойынша шеберлік сабағы өтті. Облыстық ПД кинологиясының қызметтері көрсетіліп, халықпен ақпараттық жұмыс жасалды.
Шара соңында буклеттер таратылып, акция тақырыбы бойынша халық арасында сауалнама өткізіп, бейнеролик түсірді.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Классики» және «Жылан» секілді ойындар ойнатылды. Ойынға қатысқан жастар «Мен есірткіге қарсымын» деп ұран салды. Тұрғындар көңілді әуенмен жаттығу жасады.