Павлодарда балаларының атына несие рәсімдеген әке алаяқтарға сеніп, опық жеді

Тергеу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елімізде цифрландыру дамыған сайын киберқылмыстар да күрделене түсуде. 2024 жылы өңір тұрғындары алаяқтарға 2 миллиард теңгеден астам қаржысын жоғалтса, биыл бұл көрсеткіш 3 миллиард теңгеден асып кеткен. Өткен жылы шамамен 1000 қылмыс тіркелсе, биылдың өзінде 1500-ге жуық дерек анықталды.
Облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаевтың айтуынша, ең ірі жағдайлардың бірі жалған инвестициялық жобаға байланысты тіркелген.
– Ер адам жоғары табыс әкелетін сайтқа тап болған. Сайттың дизайны Kaspi Bank-ке ұқсатып жасалған. Алдымен ол «Kaspi Profit» атты жалған инвестициялық жобаға 50 мың теңге аударып, кейін өз қаражатының ішінен 5 мың теңгені пайда ретінде қайтарып алды. Бұған сенген ол тағы 200 мың теңге салып, есептегі сома өсе бастайды. Ақыры табысқа көзі жеткен соң пәтерін, көлігін сатып, өзі мен балаларының атына несие рәсімдеп, барлығы 90 миллион теңгені алаяқтарға аударған, – деді Сүйіндік Қайырбаев.
Қазіргі уақытта қаражатты қабылдаған дропперлердің тұлғалары анықталып жатыр. Оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту және келтірілген шығынды өндіру бойынша шаралар қолға алынған. Сонымен қатар, құқық қорғаушылар павлодарлықтарды күмәнді инвестициялық жобаларға сенбеуге шақырады.
– Жылдам байып кетуді уәде ететін жоба – алаяқтықтың классикалық тәсілі. Азаматтарымыз ешқашан өз қаржысын тексерілмеген сайттар мен қосымшаларға аудармауы тиіс, – деп ескертті Сүйіндік Қайырбаев.
Сондай-ақ, полиция деректеріне сәйкес, өткен жылы «көмектесу» бабы бойынша екі қылмыстық топқа кірген 23 адам ұсталған.
Айта кетейік, биылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы күшіне енеді. Ол дропперлік үшін қатаң жауапкершілікті қарастырады. Ең жоғарғы жаза – мүлікті тәркілеумен бірге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Заң тек дропперлерге ғана емес, олардың банктік карталарын сатып алушыларға және үшінші тарап нұсқауымен ақша аударғандарға да қолданылады.