Павлодарлықтар «жаңарған» «Ертісті» көрді

Клуб басшылығы ауқымды қайта құруға кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының он бірінші турында павлодарлықтар өз алаңында астаналық «SD Family» командасын қабылдады. Матчтың алғашқы 30 минуты тартысты өтті, астаналық жас футболшылар Никита Калмыковтың қақпасына қауіп төндіруге бар күштерін салды, бірақ қонақтар тез арада шаршап қалды.
«Ертіс» керісінше, қарсыласын сынап жүргендігі байқалды. Командаға жаңадан келген Арман Кеңесов пен Әбинұр Нұрымбет жартылай қорғаныстың ортасынан орын алып, допты ұстап алған соң бірден бір-екі паспен ойынды ширатуға тырысты. Бұл аздап қарсыласты да, өз командаластарына менсінбеушілік болып көрінді. Бұрынғы «Тұранның» ойыншысы Әбинұр Нұрымбет тек матчтың аяғында ғана жаңа әріптестерімен тіл табыса бастады.
Қорғаныстың оң қапталындағы орнын тағы бір жаңадан келген Темірлан Төребек алды. Жамбылдық ойыншының белсенділігі тәуір, бірақ оның пастарының дәлдігіне әлі де жұмыс істеу керек.
Бірінші таймның соңында «Ертіс» қонақтардың қорғанысын әбден састырып, жылдам ойнай бастады. «SD Family» қақпашысы Евгений Ситдиковтың жақсы ойынын атап өткен жөн: қақпашы алаңды жақсы көреді және аяғымен жақсы ойнайды. Астаналық қақпашы бірнеше рет командасын құтқарғанымен, Максим Фединнің соққысын қайтара алмады – 1:0.
Екінші таймның басында алаңға Арман Смайылов, Тамерлан Ағыманов және Вячеслав Раскатов шықты. Павлодарлық команда қонақтарды ығыстыра бастады. Арада бір-екі минут өткенде Владимир Воменко, Арман Кеңесов және Арман Смайылов қатысқан тамаша шабуылды соңғысы аяқтап, Арман Кеңесовтің басымен дәл соққан допты «SD Family» қақпасына дәл келтірді.
Гол нөсерлете соғылатын болып көрінгенімен, «Ертіс» жылдамдығын бәсеңдетіп, бір-ақ рет гол соқты. Матчтың соңында Руслан Есімов айып алаңына еніп, оның соққысын қорғаушы қайтарды, бірақ Арман Смайылов допқа бірінші жетіп, матчтағы екінші және чемпионаттағы тоғызыншы голын соқты. Мергендер көшінде он бір гол соққан тағы бір павлодарлық – «Каспий» шабуылшысы Мирас Тұрлыбек келеді.
Қорытындысында 3:0 – «Ертіс» жеңіске жетті. Матчтан кейін команданың бас бапкері Ринат Алюетов құрамдағы алдағы өзгерістер туралы хабарлады.
- Біз әлі талай күшті ойыншыларды аламыз, бізге көмектесетін сапалы жігіттер келеді. Бізге көмектесетін жігіттер келсін деп, Арман Кеңесовті көптен бері шақырып жүрміз. Арманның адалдығын айту керек, оны Премьер-Лига командалары шақырды, бірақ ол «Ертісті» таңдады. Әлбетте, тағы мықты-мықты деген ойыншылар келеді. - деді ол.
Команда келесі кездесуін сырт алаңда өткізеді. 4 шілдеде «Ертіс» Алматыда «Хан Тәңірімен» ойнайды.