Павлодардың футбол чемпионатының бірінші кезеңі аяқталды

Павлодардың футбол чемпионатының бірінші кезеңі аяқталды

Алда командаларды плей-офф кезеңі күтіп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Демалыс күндері қаланың қысқы чемпионатының топтық кезеңінің соңғы үшінші турының ойындары өтті. «Ақбет» 3:0  есебімен «Рахатты» техникалық жеңіс арқасында тізе бүктірді. «Нардос» тартысты кездесуде «Медикті» 3:2  есебімен ұтты. «Ақсу» футбол орталығының 2007 жылы туған түлектері спортинтернат тәрбиеленушілерін 2:0 есебімен жеңді.

«Ақсу» ФО-ның 2008 жылғы балалары «Ертіс» ОРБЖМ ойыншыларын бір гол айырмашылығымен ұтты. Бірінші таймда «ақсулықтар» есеп ашқан, алайда «Ертіс» екінші таймда белсенділік танытып, есепті өзгертуге талпынды. Асқат Мұсатаев пен Андрей Буланович шәкірттері сауатты қорғанып, қарсыластарын өз қақпаларына жолата қоймады. 

Бірінші топта жеті ұпай жинаған «Нардос» бірінші орынды иемденсе, екінші болып «Медик» тұрақтады. Екінші топта мүмкін болған тоғыз ұпайдың тоғызын жинаған «Ақбет» топта жеңіске жетті. Екінші орын «Рахатқа» бұйырды.

Жартылай финалдық жұптар келесідей құрылды: «Ақбет» – «Медик» және «Нардос» – «Рахат». Матчтар 3-4 ақпанда өтеді.