Павлодарлық ана декреттік демалыста қалай өз бизнесін ашқанын айтты
Ол тәтті өнімдерді тапсырыспен жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпкер Жанар Шопанова былтыр «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өз ісін бастаған. 2014 жылы дектреттік демалыста отырғанда тапсырысқа торт, бәліш сияқты десерттер пісіріп, сатқан.
– 9 жыл бұрын үйде баламен отырғанда інім тапсырысқа торт пісіру жайлы айтқан болатын. Осылайша таныс, туыс, құрбыларға торттар пісіріп отырдым. Кейін тұтынушылардың көбеюіне байланысты кәсіпті үлкейтуді жөн көрдім. Әрі қарай кеңірек орын жалдап, бірнеше адаммен жұмыс істей бастадым, – дейді «Шопанова Ж.Т.» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жанар Шопанова.
Кейін кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несиеалып, жеке наубайхана ашқан.
– Былтыр коммерциялық үй-жай сатып алып, кәсібімді кеңейттім. Бүгінгі таңда 19 адамды жұмыспен қаптып отырмын, – дейді Жанар Шопанова.
Сонымен қатар, ол «Caprice House» кофеханасын ашып, өз өнімдерін сатылымға қойған. Бүгінгі таңда оның тәттілері облыстың 40-тан астам дүкенінде сатылады.
Фото: Константин Шелков