Атамекендік мұғалім оқушыларға интернеттен тәуелсіз цифрлық зертхана әзірледі
Бағдарламаның басты ерекшелігі – пәнаралық тәсіл, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы Атамекен ауылының №31 орта мектебінің физика пәні мұғалімі Ефим Ткалич жаратылыстану пәндерін оқытуға арналған жеке цифрлық зертхана жасады. Оның ерекшелігі – интернетке қосылмай-ақ жұмыс істей алады.
Педагог өз әзірлемесін Жетекші жалпы орта білім беру мектебінде өткен «Мектептер альянсы» зертханалық шеберлік сабағында таныстырды. Іс-шараға Павлодар облысындағы 11 ауыл мектебінің өкілдері қатысып, өздерінің әдістемелік жобалары мен білім беру бастамаларын ұсынды.
Ефим Ткаличтің айтуынша, ауыл мектептерінде заманауи жабдықтар мен тұрақты интернет байланысы әрдайым қолжетімді емес. Осы мәселені шешу үшін ол интернетке тәуелсіз жұмыс істейтін цифрлық құрал әзірлеген. Оны флеш-жинақтағышқа немесе телефонға жүктеп, сабақ барысында пайдалануға болады.
Зертхананың басты ерекшелігі – пәнаралық тәсіл. Мұнда бір құбылысты физика, химия, биология және география тұрғысынан қатар қарастыруға мүмкіндік бар. Мәселен, зымыранның ұшуы арқылы физика заңдарын, отынның қасиеттері мен химиялық үдерістерді түсіндіруге болады. Сондай-ақ оптика мен электр құбылыстарына арналған виртуалды зертханалар да қарастырылған.
Мұғалім шеберлік сабағында әріптестеріне әзірлеменің мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, жасанды интеллект көмегімен оқу материалдары мен бағдарламаларды мектептегі компьютерлердің техникалық мүмкіндіктеріне бейімдеу жолдарын да таныстырды.
Педагогтың айтуынша, мұндай шешімдер әсіресе техникалық жабдықталуы әртүрлі ауыл мектептері үшін тиімді. Жаңа цифрлық зертхана күрделі ғылыми құбылыстарды көрнекі түсіндіруге және оқушылардың жаратылыстану пәндеріне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
