Павлодарда қоғамдық орында мас күйде жатқан екі адам қамалды
Сот оларды бір жыл ішінде қайталап құқық бұзғаны үшін 3 тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласында қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болған екі азамат жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза алған З. және К. есімді азаматтар Айманов көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісінде мас күйінде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Олардың еденде жатқанын полиция қызметкерлері анықтаған.
Құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік хаттамалармен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен, медициналық куәландыру қорытындыларымен, бейнежазбамен және өзге де материалдармен дәлелденді. Сот отырысында екі азамат та өз кінәсін толық мойындады.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оларды ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап бір жыл ішінде қайталап қоғамдық орындарға адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлайтын алкогольдік масаң күйде келуді қарастырады.
Сот құқық бұзушылықтардың сипатын және олардың қайталанғанын ескере отырып, әрқайсысына үш тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар полиция органдарының өтініші негізінде екі азаматқа алты ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді. Оларға алкогольдік ішімдіктерді, есірткілік және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, психологиялық көмек алу және психокоррекциялық жұмыстардан өту міндеттелді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.