Павлодарлық «Майдан жолы» қиын жағдайға тап болған балалармен кездесті

Павлодарлық «Майдан жолы» қиын жағдайға тап болған балалармен кездесті
Фото: Майдан жолы

Жаңа жыл мерекесі аясында балаларға сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Майдан жолы» іздестіру тобы балалар үйінің тәрбиеленушілерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. «Майдан жолы» іздестіру жасағы «Аяз атаны іздеу» жаңа жылдық акциясы аясында Павлодар облыстық қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығының балаларына қонаққа барды. Орталықта бүгінгі таңда 3 пен 17 жас аралығындағы 54 бала тәрбиеленуде. 

– Балалардың бақытты жүздерін көру – зор қуаныш, ал Жаңа жыл қарсаңындағы сыйлықтар – балаларға ғажайып сыйлаудың бір жолы. Іс-шара шығармашылық форматта өтті, біз балаларды «Жаңа жыл келе жатыр!» тақырыбына сурет салуға шақырдық, – дейді «Майдан жолы» жасағы командирінің орынбасары Нұркеш Мағзұмов.  

Жасақ командирі Александр Шитов іс-шараға белсенді қатысқандарды сертификаттармен, оның ішінде түрлі ойыншықтармен марапаттады.

Кештің соңында орталық директоры Жанар Тәжікова  «Майдан жолы» іздестіру тобына, Ресей Федерациясының бас консулдығына балалардың дамуына көңіл бөліп, үлес қосқаны үшін алғысын білдірді.