Павлодарда сібір бекірелері Ертіске жіберілді

Павлодарда сібір бекірелері Ертіске жіберілді
Фото: Константин Шелков

Ертістің Павлодар бөлігіне екі мыңға жуық Қызыл кітапқа енген бекіре тұқымдас балықтар жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Тұйық сумен жабдықтау қондырғыларында балық өсіру жөніндегі компанияның өкілі Темірлан Сағитовтың айтуынша, Өскеменнен бекіре тұқымдас балықтарды автоцистерналармен әкелген.

– Сібір бекіресі Ертісте бұрыннан өмір сүрген. Бұл – әдемі, өте керемет балық, – деді «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов. – Біз ихтиологтардың, жергілікті ғалымдардың пікірін тыңдап, кішкентайларын жібермей, бір жарым жылдан үш жылға дейінгі ересек балықтарды жібердік. Павлодарлық экологтардың Ертіс өзенінде балықтың алуан түрлілігін қалпына келтіру жөніндегі бастамасын қолдауға дайынбыз.

Ол сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтардың жергілікті жерлерде өмір сүру деңгейі бақыланатынын айтты. 

Биология ғылымдарының кандидаты, ихтиолог Александр Убаскин балық жіберудің ғылыми тәсілі бар болғандықтан Каспий немесе орыс бекіресі емес, арнайы Сібір бекіресі әкелініп, жіберілетінін атап өтті. 

Айта кетерлігі, соңғы 30 жылда Ертіске бекіре екі-үш рет қана жіберілген. 

– Егер басқа тұқымды бекіре әкелінсе, будандастыру басталып, Сібір бекіресі жоғалып кетуі мүмкін, – деді ғалым.

Ғалымдардың пікірінше, қазіргі уақытта Сібір бекіресінің санын қалпына келтірудің жалғыз жолы – жасанды көбейту.

Ертістің жемшөп қоры жас балықтарды тамақпен қамтамасыз ете алады. Бекіре тұқымдас балықтар өмірінің 10-12 жылында жыныстық жетілуге жетеді. Сондықтан Ертісте мыңдаған шабақтар пайда болады. Бірақ олар   2034 жылға қарай толыққанды балыққа айналады.