Екібастұзда тез әрі оңай байығысы келген әйел сотталды

Екібастұзда тез әрі оңай байығысы келген әйел сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 23 жәбірленушіге 26 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоғарғы соттың мәліметінше, кеншілер қаласының тұрғыны тез әрі оңай баюдың жолдарын іздеп, ақпараттық жүйені пайдаланушылардың сеніміне  кіру арқылы ақша табуды ұйғарған. Ол бұған дейін де қаражатты көбейту жобаларына қатысқан. 

2020 жылдың соңында WhatsApp желісінде «LiveStyler», «Қарлығаш», «Умножайка», «Шанс» және т.б топтарын құрып, адамдарды пайда табу үшін ақша салуға шақырған. Әйел адамның шақыруымен топқа қатысушылар жобалардың сәтті болатынына көз жеткізіп, өз қаражаттарын оның және оның жақын туыстарының банктік шоттарына аударған.

Ол өзі құрған схеманың табысты екенін көрсету үшін қатысушыларға жаңа қатысушылар есебінен дивидендтер түрінде алынған қаражаттың бір бөлігін төлеген. Қалғанын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Осылайша, ақшасын көбейтемін деген уәдеге сенген жәбірленушілердің бірі LiveStyler тобына қосылған, – деп жазылған хабарламада. 

Ұйымдастырушының қылмыстық ниетінен бейхабар ол 2021 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында алаяқ көрсеткен есепшотқа 14 млн теңгеге жуық ақша аударған. Бұл оның өзіне, кәмелетке толмаған ұлына және оның күйеуіне тиесілі ақша болған. 

Алаяқ бұл соманың 8,5 млн теңгесін жәбірленушіге алдамайтынын көрсету үшін қайтарып берген. Қалған 5,4 млн теңгені  пайдакүнемдікпен иемденген.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, банк анықтамаларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.

Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, қамқорлығында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және ауырлататын мән-жайларының жоқтығын ескере отырып, оған төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.

23 жәбірленушінің пайдасына 26 млн теңге материалдық шығын өндірілді.

Жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.