Павлодарлық шаруалар егіс науқанын қорытындылауға кірісті
Өңірде қалыптасқан аптап ыстыққа қарамастан, Павлодар облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарын аяқтауға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы күндері ауа температурасы 35 градустан асып тұр. Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін күшейтілген режимде еңбек етуде.
Диқандардың мәліметінше, биыл жалпы көлемі 348,8 мың гектар алқап жыртылды. Сондай-ақ егіс алдындағы топырақ өңдеу жұмыстары толық орындалып, 522 мың гектардан астам жер қамтылды. Соның нәтижесінде егістіктердегі арамшөптердің көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік туды.
Арамшөптермен күресте шаруалар негізінен топырақты механикалық өңдеу тәсілдерін қолданды. Бұдан бөлек, шамамен 42 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілді.
3 маусымдағы жағдай бойынша дәнді дақылдар 771 мың гектар жерге егілген. Бұл жоспарланған көлемнің 91 пайызын құрайды. Биыл дәнді дақылдарға жалпы 849 мың гектардан астам жер бөлінген. Ылғал сақтау технологиясымен 287,5 мың гектар алқапқа егін себілді.
Қазіргі уақытта облыс алқаптарында 2216 егіс агрегаты жұмыс істеуде. Оның ішінде 293 заманауи кең ауқымды егіс кешені бар. Бидай 575,1 мың гектарға немесе жоспардың 94 пайызына егілсе, арпа 88,2 мың гектарға (90%), сұлы 33,1 мың гектарға (95%) орналастырылды.
Майлы дақылдарды егу де жоғары қарқынмен жүргізілуде. Биыл олардың жалпы көлемі 549,7 мың гектарды құрайды. Негізгі үлесті күнбағыс алып отыр – 497,4 мың гектар. Қазіргі таңда майлы дақылдар 558,6 мың гектар жерге себіліп, жоспар 2 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде күнбағыс 516,2 мың гектарға егілді, бұл жоспарланған көрсеткіштен 4 пайызға жоғары.
Көкөніс өсірушілер де егіс жұмыстарын аяқтауға жақын. Картоп 30,4 мың гектар жерге отырғызылып, жоспардың 99 пайызы орындалды. Көкөніс дақылдары 7,27 мың гектарға егілді немесе жоспардың 98 пайызы жүзеге асырылды. Бақша дақылдарын отырғызу толық аяқталды.
Сонымен қатар, мал азығы дақылдарын егу жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа 86 мың гектар жер бөлінген. Бүгінгі күні оның 78,9 мың гектары игерілді. Аграршылар сүрлемдік дақылдар, біржылдық және көпжылдық шөптерді егуді жалғастырып жатыр.
Жалпы алғанда, Павлодар облысында жаздық егіс жұмыстарының 95 пайызы орындалды. Жоспарланған 1 миллион 524,8 мың гектардың 1 миллион 448 мың гектарына егін себілді. Алдағы күндері шаруалар жармалық дақылдарды егіп аяқтап, көктемгі егіс науқанын толық қорытындылайды.