Павлодар облысында кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол апаттары көбейді
ЖКО салдарынан әрбір бесінші бала зардап шегеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жыл басынан бері 357 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтыр 214 факті болды, яғни 67%-ға өсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас прокуратурасының ҚС және АЕК Павлодар облысы бойынша департамент бастығының орынбасары Жәнібек Кенжебаев мәлім етті.
– Бес айдың қорытындысы бойынша 458 адам зардап шегіп, 23 тұрғын, оның ішінде екі жасөспірім қаза тапты. Сондай-ақ, жол-көлік апатында кәмелетке толмаған 94 бала жарақаттанды, яғни әрбір бесінші бала зардап шегеді. Әрбір үшінші жаяу жүргіншіні көлік қақты – 131 жағдай, – деді спикер.
Статистикалық деректерге сүйене отырып, 30-39 жас аралығындағы тұрғындар жол-көлік апатында жиі кінәлі болып шығады – 90 жағдай, ал 21-ден 29 жасқа дейін – 70 адам, 40-тан 49-ға дейін – 59 адам. Ең азы 18-ден 20-ға дейінгі азаматтар – 26 адам.
Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мустафиновтың пікірінше, жол-көлік апаттардың санын азайту үшін өңірде бейнебақылау камералардың санын ұлғайту қажет.
– Павлодарда бейнебақылау камералары өте аз. Менің ойымша, егер бізде «Сергек» болса немесе басқа фирмалар жол қозғалысы бойынша көбірек камералар орнатса, онда жол апаттардың саны едәуір азаяды. Әрине, бұл тағы жүргізушілердің ұқыптылығына да байланысты,– деді Қуаныш Мустафинов.
Оның сөзінше, «Сергек» бойынша әкімдікке өтінім берілді. Ұсыныс қолдау тапса, келесі жылы орнатылады.