Павлодарлық оқытушылар Қытайда тағылымдамадан өтті

Павлодарлық оқытушылар Қытайда тағылымдамадан өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аспан асты еліне Қазақстанның әр өңірінен 30-ға жуық педагог барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еліміздің әр өңірінен жиналып, білім көкжиегін кеңейтуге аттанған ұстаздың арасында Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушылары Талғат Жалпақов пен Илья Нестеров бар. Олар Қытайдың Ухань қаласында халықаралық тағылымдамадан өтіп, жасанды интеллект және заманауи технологиялар бағыты бойынша біліктіліктерін арттырды.

Колледждің мәліметінше, оқыту «Talap» КеАҚ желісі бойынша Қазақстан-Қытай колледждері альянсы аясында ұйымдастырылған. Бағдарламаға Қазақстанның әр өңірінен 27 педагог қатысты. 

2025 жылдың қараша айында Павлодар ақпараттық технологиялар колледжі жасанды интеллект бойынша Қазақстан-Қытай колледждері альянсының құрамына еніп, осы халықаралық серіктестікті құру бастамашыларының бірі болған еді. Альянс екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға, педагогтердің біліктілігін арттыруға және жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік беріп отыр.

Тағылымдама Қытайдың ірі өнеркәсіптік және білім беру орталықтарының бірі саналатын Ухань қаласында өтті. Халқы шамамен 14 миллион адамды құрайтын қала көптеген жоғары оқу орындары мен колледждерімен танымал. Қатысушылар Ухань бағдарламалық қамтамасыз ету және инженерия кәсіптік колледжінің базасында білім алып, Қытайдағы жасанды интеллекттің дамуы, оны түрлі салаларда қолдану бағыттары бойынша дәрістерге қатысты.

Бағдарлама барысында павлодарлық оқытушылар Huawei компаниясының кеңсесі мен өндірістік алаңдарын, сондай-ақ оптикалық талшық пен телекоммуникациялық жабдықтар өндірісіндегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын FiberHome компаниясын аралады. Оларға байланыс саласындағы заманауи шешімдер таныстырылып, телекоммуникациялық технологиялардың даму үрдістері мен деректерді беру инфрақұрылымын қалыптастыру жолдары көрсетілді.

Талғат Жалпақовтың айтуынша, тағылымдама теориялық біліммен қатар, өндірістегі озық тәжірибелерді көруге мүмкіндік берген.

– Бізге байланыс саласындағы заманауи шешімдер көрсетіліп, телекоммуникациялық технологиялардың дамуы туралы кеңінен айтылды. Ірі компаниялардың жаңа технологияларды қалай енгізіп жатқанын көру өте қызықты болды, – дейді ол.

Ал Илья Нестеров жасанды интеллектке арналған дәрістерде мәтін, фото және бейне генерациялау технологиялары жан-жақты талданғанын айтады. Сонымен қатар қатысушылар Қытайдағы робототехниканың даму тарихымен және жергілікті ЖИ әзірлемелерімен танысқан.

Оның сөзінше, Қытайда жасанды интеллект электрондық коммерцияда кеңінен қолданылады. Әсіресе жарнамалық контент дайындау, сценарий жазу және бейнероликтер жасау бағытындағы тәжірибе ерекше қызығушылық тудырған.

– Сабақтарда идея мен сценарийден бастап дайын бейнеге дейінгі жарнамалық өнімнің қалай жасалатыны көрсетілді. ЖИ-мен дұрыс жұмыс істеу, сұраныстарды тиімді құрастыру және бейнеролик құрылымын жоспарлау тәсілдерін үйрендік. Мұндай дағдылар студенттердің болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ықпал етеді, – дейді Илья Нестеров.

Оқытушылардың пікірінше, тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе колледждегі оқу бағдарламаларын жетілдіруге, студенттердің цифрлық құзыреттерін дамытуға және заманауи еңбек нарығының талаптарына сай мамандар даярлауға септігін тигізеді.