Павлодарлық жастар ғаламтордағы қауіпсіздік тақырыбын талқылады

Павлодарлық жастар ғаламтордағы қауіпсіздік тақырыбын талқылады
Фото: Автор

Олар негізгі мәселелерге мән берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» концепциясын іске асыру, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық және ақпараттық мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Конференцияда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және ақпараттық кеңістіктегі жауапты мінез-құлық мәселелері туралы айтылды.

Конференцияға 100-ге жуық адам қатысты. 

Ұйымдастырушылардың қатарында Павлодар облысының экономикалық тергеу департаменті, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, полиция департаменті, Орталық Азиядағы ЦАРКА ірі киберкомпаниясының өкілдері, IT компаниялардың өкілдері болды.

Павлодар облысы цифрлық технологиялар басқармасының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі бас маманы Андрей Троян алаяқтардың құрбанына тек егде жастағы адамдар ғана емес, жастар да айналып жатқанын айтты.

- Бүгінгі конференцияда киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтықтың алдын алу, халық арасында кибергигиенаны қалыптастыру туралы айттық. Сондай-ақ, жиын жеке деректердің таралып кетуінің алдын алу мәселелеріне арналған. Қазіргі таңда жастар да киберқылмыскерлердің құрбанына жиі айналуда. Бұрын мұндай жағдайлар көбіне қарттар арасында кездессе, қазір жағдай теңесті. Себебі, қаскөйлер ақшаны қолма-қол айналдыру үшін студенттерден банк карталарын сатып алады, - деді ол. 

Андрей Троянның айтуынша, жиында дропперлік, өндірістік қауіпсіздік, және антивирустық бағдарламалардың маңызы туралы айтылды.

«ЦАРКА» кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының қызметкері Алдияр Дүйсен өнеркәсіптік жүйелердегі қауіп-қатердің артып отырғанын жеткізді.

- Мамандардың басты мақсаты - қауіптердің қаншалықты нақты екенін көрсету және олардан қорғану жолдарын түсіндіру. Өткен жылы өнеркәсіптік басқару жүйелерінде шамамен 2500-ге жуық жаңа техникалық қателік анықталды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мұндай шабуылдардың салдары өте ауыр болуы мүмкін. Турбиналардың істен шығуына, конвейерлердің тоқтап қалуына әкелуі ықтимал, - деді Алдияр Дүйсен.

Ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының қызметкері Дархан Мұстафин жасанды интеллектің көмегімен  алаяқтықты күн санап күшейіп кеткенін тілге тек етті.

- ЖИ жаңа шабуыл түрлерін ойлап тапқан жоқ, бірақ оларды арзанырақ әрі сенімдірек етіп жіберді. Сондықтан, ақпаратты міндетті түрде қайта тексеру керек. Егер біреу ақша аударуды немесе құжатты растауды сұраса, басқа байланыс арналары арқылы хабарласып, нақтылап алған жөн, - деді Дархан Мұстафин.

Шара барысында сарапшылар фишингтік хаттарды мұқият тексеру қажеттігін де ескертті. Өйткені, бұрын алаяқтарды грамматикалық қателер арқылы тануға болса, қазір жасанды интеллект мұндай қателерді жібермейді.