Павлодарлық студенттер халықаралық жастар оркестрінде өнер көрсетті
Жас музыканттар төрт елдің өнерпаздарымен бірге концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар музыкалық колледжінің студенттері Жасұлан Түрегелді мен Заурбек Омаржанов Нижний Новгород қаласында өткен XIII Халықаралық жастар симфониялық оркестрінің (ХЖСО–2026) құрамында өнер көрсетті.
Жобаға Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қытайдан келген дарынды жас музыканттар қатысты. Үш күндік репетициядан кейін оркестр Чебоксар және Нижний Новгород қалаларында концерттер берді.
Концерттік бағдарламада Петр Чайковский, Сергей Рахманинов, Николай Римский-Корсаков, Модест Мусоргский, Джузеппе Верди және Иоганн Штраустың шығармалары орындалды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 2025 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба жас музыканттардың кәсіби шеберлігін арттыруға, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтуға және академиялық музыка өнерін насихаттауға бағытталған.