Баянауыл ауданында екі ауылға ветпункт пен «Қазпошта» бөлімшесі қажет
Аудан әкімінің халықпен тұрақты кездесуінде Жаңатілек және Қаратомар ауылдарында осындай өтініш жолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Жаңатілек ауылының тұрғындары ауылға ветеринарлық пункт сұрады. Бүгінгі күні бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Облыстық басқармаға хат жолданды, қолдау тапса, жоба жүзеге асырылады. Одан бөлек, ауылды жарықтандыру бойынша мәселе көтерілді. Бүгінгі күні жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деп жазды Ардақ Кісентаев Іnstagram парақшасында.
Аудан әкімінің сөзінше, Жаңатілек ауылында абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Иесіз құрылыстар бұзылып, қоқыстан тазартылған, мәдениет үйінің жылу жүйесі толығымен ауыстырылған. Ауылда спорттық-сауықтыру кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ведомстволық сараптамадан өтті. Сонымен қатар, жаз маусымында ауылдық округ әкімшілігіне қызметтік автокөлік алынған.
Қаратомар ауылдық округінде биыл облыстық бюджеттен ауданға үш санитарлық автокөлік сатып алынса, соның біреуі Қаратомар ауылына табысталды. Мектептің от қазандығы ғимараттың сыртына шығарылды. Сондай-ақ, ауылға өрт сөндіруге арналған автокөлік тіркемесі сатып алынды.
– Қаратомар ауылдық округінің халқы «Қазпошта» бөлімшесі қажеттігін айтты. Бұл мәселеде ауылдық округ әкіміне оператор табуға тапсырма берілді. Сонымен қатар, ауылда интернет желісі бойынша сұрақ қойылды. Тиісті органдарға хат жолданды. Қазіргі таңда ауа райының қолайсыздығына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Бірақ, тиісті жұмыстар жалғасын табады, – деді Ардақ Кісентаев.
Айта кетерлігі, биыл автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2 млрд 870 млн 800 мың теңге қаржы бөлініп, алты жоба іске асырылды. 69,8 шақырым аудандық, 18,9 шақырым ауылішілік жолдар жөнделіп, халықтың игілігіне пайдалануға берілді.