Қаржы негізсіз жұмсалған: Баянауыл ауданында қарды кім тазалайды?
Жолды қардан тазалау үшін мердігермен жасасқан шарт уақыттан бұрын орындалғаны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еріктілері мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округі әкімдігінің бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактісі анықталды.
Биылғы жылдың 10 ақпанда жергілікті әкімдік жеткізушімен бір көзден алу тәсілімен Құндыкөл, Егіндібұлақ және Біржанкөл ауылдарының кентішілік және кірме автомобиль жолдарын қардан тазартуға бір миллион теңге сомасына шарт жасасқан. Оған сәйкес жұмыстарды орындау мерзімі қысқы кезеңінде қаңтар, ақпан, наурыз, қараша, желтоқсан айларына дейін келісілген.
– Алайда әкімдік мердігер өзінің шарттық міндеттемелерін толығымен орындады деп, наурыз айында шарттың барлық сомасына орындалған жұмыстар актілеріне қол қойды. Енді қараша-желтоқсан айларында қарды кім және қандай қаражатқа жинау жоспарланып отыр деген сұрақ туындайды, – делінген хабарламада.
Аталған факті ҚР Бюджет Кодексінің 4-бабының 9-тармақшасымен регламенттелген негізділік қағидатының бұзылғанын куәландырады. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі әкімдік әрекеттерінің заңдылығын қарастыратын болады.