Павлодарлық тергеушілер екі жылда миллиардтаған шығын өндіріп алды
Павлодар облысында екі жылда экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 50 қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025–2026 жылдары экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 50 қылмыстық істі аяқтады. Келтірілген залал көлемі 3,4 миллиард теңгені құрап, оның 1,7 миллиард теңгесі өндірілген.
Өтелген соманың ішінде бір миллиардтан астам теңге мүлік пен қаражатқа салынған тыйым салу шаралары есебінен қамтамасыз етілген. Аяқталған істердің жетеуі жұмыстарды нақты орындамай, қызметтер көрсетпей немесе тауарларды жөнелтпей шот-фактура жазу фактілеріне қатысты болған. Бұл істер бойынша келтірілген залал 1,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде тыйым салу шараларын ескере отырып, шамамен 900 миллион теңге өтелген.
Департамент басшысының орынбасары Ғалиаскар Қасымовтың айтуынша, жалған шот-фактуралар нақты болмаған шаруашылық операцияларды бар етіп көрсету, салықтық міндеттемелерді азайту және қаражатты көлеңкелі айналымға шығару үшін пайдаланылуы мүмкін.
- Шот-фактураның артында нақты шаруашылық операциясы тұруы керек. Егер компания тауар сатып алса, қызмет немесе жұмыс алса, бұл тек шот-фактурамен ғана емес, жұмыстың нақты орындалуымен, қызметтің көрсетілуімен немесе тауардың жөнелтілуімен расталуы тиіс. Жалған құжат жоқ операцияны заңды кәсіпкерлік қызметке айналдыра алмайды, — деді Ғалиасқар Қасымов.
Департамент өкілдерінің мәліметінше, мұндай схемалар мемлекеттік бюджетке ғана емес, заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлерге де зиян келтіреді. Заңды жұмыс істейтін кәсіпкерлер салық және басқа да міндеттемелерді орындаса, жалған құжаттарды пайдаланатын тұлғалар шығындарын жасанды түрде азайтып, нарықта артықшылыққа ие болуы мүмкін.
Мемлекеттік орган мамандары кәсіпкерлерге келісімшарт жасамас бұрын контрагенттің шынайылығын және өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігін тексеруді ұсынады. Атап айтқанда, ірі көлемдегі тауар жеткізу немесе жұмыс орындау туралы мәлімдейтін компанияда қажетті қызметкерлердің, қоймалардың, өндірістік қуаттардың немесе тиісті инфрақұрылымның болмауы күмән туғызуы тиіс.
Өңірде мұндай схемаларға қарсы жұмыс мемлекеттік кірістер органдарымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.