Павлодарлық құтқарушылар қыста қалай жұмыс істейтіндерін ойластырды
Олар Ресей өңірлерімен ынтымақтасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыстың қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, төтенше жағдай кезіндегі іс-шаралар жоспарын дайындап, Ресей Федерациясының Омбы, Новосібір облыстары және Алтай өлкесі сияқты шекаралас облыстарымен ынтымақтастық жасасты. Сондай-ақ, олар Ақмола, Қарағанды, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарымен бірлесіп жұмыс істейтін болады.
– 10 мыңнан астам адамға 189 жылу пункті дайын тұр. Сонымен қатар, облыста Қалқаман мен Шідертіде екі медициналық құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Оларды жылу пунктілер ретінде пайдалануға болады, – деді ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Сондай-ақ, жылыту пункттерін ұйымдастыра алатын жылжымалы вахталық көліктермен қамтамасыз етті.
Қасқы кезеңіне екі мың маман дайын. Олардың қатарында тек құтқарушылар ғана емес, облыс тас жолдарында кезекшілік атқаратын «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері мен мердігерлер де бар.
Мамандар өткен қысқы кезеңді саралап, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар 250 қар жиі басатын аумақты анықтады. Сол себептен облыста бес мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал мен 270 арнайы техника дайындалды.
Жергілікті қысқы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол жиектері мен беткейлердегі шөптер шабылып, бұталар мен ұсақ ормандар жұлынды, жолдардағы шұңқырлар толтырылып, жол белгілері орнатылды. Ал республикалық маңызы бар тас жолдардың бойына қар ұстайтын қоршаулар орнатылды.
Төтенше жағдайлар департаменті тағы он техника сатып алуды және 33 техниканы жалға алуды жоспарлап отыр. Олардың арасында автогрейдерлер, жүк тиегіштер мен тракторлар болады.