Павлодарда қатерлі ісіктің алдын алуға арналған акция өтеді

Павлодарда қатерлі ісіктің алдын алуға арналған акция өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ел бойынша онкологиялық орталықтарда азаматтарға тегін қабылдау ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 28 наурыз күні Қазақстанның барлық өңірлік, қалалық және облыстық онкологиялық орталықтарында Бірыңғай ашық есік күні жоспарланған.

Іс-шара онкологиялық аурулардың алдын алу, өлім-жітімді төмендету және халыққа мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

– Бұл күні жетекші онколог-дәрігерлер азаматтарды учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз және алдын ала жазылусыз тегін қабылдайды. Қабылдау барысында жатыр мойны обыры, колоректалды қатерлі ісік және бүйрек ісіктерін ерте анықтауға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар тұрғындарға онкологиялық аурулардың алдын алу, алғашқы белгілері және заманауи диагностика мен емдеу тәсілдері бойынша кеңес беріледі, – делінген хабарламада.

Акцияға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. 

Өзіңізбен бірге жеке куәлік, сондай-ақ бар болған жағдайда бұрынғы тексерулердің нәтижелерін (УДЗ, КТ, МРТ, медициналық қорытындылар) алып келу қажет, – деді ведомствода.

Денсаулық сақтау органдары бұл шараның басты мақсаты – қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау екенін атап өтті. Мамандар азаматтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы дәрігерге қаралуға шақырды.