Павлодарлықтар музыкалық-поэтикалық кештің куәсі бола алады

Павлодарлықтар музыкалық-поэтикалық кештің куәсі бола алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әйгілі ақынның өлеңдері жанды дауыста орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Иса Байзаков атындағы Павлодар облыстық филармония қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Ғашық жүрек…» атты музыкалық-поэтикалық кешке шақырады. Бұл кеш — поэзия мен әсем әуендер әлеміне терең ену, жүрекке із қалдыратын әсерлі де шабытты сәттерге бөлену мүмкіндігі.

– Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының марқасқасы, өмірі өлеңге, өлеңі өмірге айналған дарабоз ақын. Ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың мерейтойы — ұлттық рухтың, шынайылық пен қайсарлықтың айғағы. Оның шығармалары – жүректен шыққан, өмірдің өз шындығы мен асыл сезімдерді терең түсініп, шынайы бейнелеген көркем сырлар. Ақынның поэзиясы — әрбір жанның сырын ашатын, адам болмысының қалыбын ажарлайтын, зейнет пен махаббаттың нәзік әуенін тербейтін мәңгілік рухани мұра, – деді филармонияда.

Концерт 9 ақпан күні сағат 19:00-де өтеді.

Аталмыш кеште эстрада ұжымының солистері - ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Рысбек, Жібек Айтбаева, Жанболат Байсолтан, Мадияр Бахтияров, Наталья Процкая, Бауыржан Ахметов, Наурыз Көшен, Шолпан Ақылбек, Владислав Галактионов, қоңыр дауысты баритондар — Алмас Мұқатай, Айбар Ашкеев, сондай-ақ «Samiyan» вокалдық тобы— Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді Live band-тың сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды. 

Сондай-ақ, бұл музыкалық-поэтикалық кеште театр артистері поэзия иесінің әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелейтін шығармалары негізінде тың дүниені көрермен назарына ұсынбақ. 

Бұл мерекелік іс-шара — қазақ поэзиясының алтын қазынасы болған Мұқағалидың шығармашылығын терең түсінуге бағытталған, ұлттық рухты қайта жаңғыртатын ұлы шара. Әдебиет пен өнердің бірлігімен өткен бұл кеш – халқымыздың рухани тыныштығы мен жандануына үлкен үлес қосатын ерекше оқиға болары анық.