Павлодарлықтар полицияға аулада-ақ жүгіне алады
Өңірде «Ауладағы қабылдау» республикалық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акция барысында полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында және аудандық елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдауда.
Кездесулер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға құқықтық кеңестер беріледі.
– Әрбір азамат өзін толғандырған сұрақтарымен тікелей құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жүгіне алады. Сондай-ақ тұрғындар өз аудандарындағы өзекті мәселелерді көтеріп, қажетті түсіндірмелер мен консультациялар алу мүмкіндігіне ие, – деді облыстық полиция департаментінде.
Тәртіп сақшылары өңір тұрғындарын акцияға белсенді қатысуға шақырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында халықпен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.