Ақтоғайда су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды
Жаңа үйлер жоғарылау жерде салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданы, Жалаулы ауылына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа баспананың кілттерін салтанатты түрде тапсырды.
Жалпы алғанда, зардап шеккен 14 үй болды. Оның тоғызы жөндеу және қалпына келтіру үшін ақшалай өтемақы алса, бесеуі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Олардың орнына жаңа үйлер салынып, бүгін бес отбасы баспаналы болды.
– Ашуға салынбай, шыдамдылық пен сабырлық танытқан тұрғындарға көптен көп рақмет айтамын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық зардап шеккен халыққа толықтай жәрдем көмек көрсетуді тапсырды. Осы қиын кезеңде қол ұшын созып, демеушілік көрсеткені үшін жомарт жүректі азаматтарымызға алғысымды білдіремін. Халқымыз осындай қиын кезеңде бірлігі мен татулығын көрсетті. Зардап шеккен тұрғындармен кездесуге келгенде уайымдамаңыздар, бәрін де ретіне келтіреміз, деп айтқан едім. Енді міне, жаңа шаңыраққа ие болып отырсыздар. Отбасыларыңызға, жұмыстарыңызға және балаларыңызға тек жақсылық тілеймін. Баршаңызға жаңа шаңырақтарыңыз құтты, берекелі болсын! – деді аймақ басшысы.
Әр үйге берілген жердің көлемі – 10 сотық, 0,1 гектарды құрайды. Бұл баспаналардың ерекшелігі – төбелері биік, үйдің іші жылы болуы үшін қабырғалары жылыту материалдарымен қапталған. Құрылысқа толығымен заманауи материалдар қолданылған.
«Стальмонтаж - Ақтоғай Агро» ЖШС компаниясының бас директоры Александр Терентьев салынып жатқан үйлердің құрылысы сапасы жағынан қаладағы баспаналардан кем түспейтінін айтады, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келеді. Пайдаланып жатқан құрылыс материалдарының 80-85 пайызы Павлодарда өндірілген. Газдалған бетон, көбік оқшаулау, силикат кірпіш, металл плитка, іргетас блоктары сияқты жаңа материалдар қолданылған. Сондай-ақ, терезелер үш қабатты. Су, кәріз, желілері, электр энергиясы – бәрі жасалды.
Тұрғындардың тілектері ескеріліп, орталық сумен жабдықтаудан басқа, әр үйде бөлек ұңғыма бар. Су – таза, ішуге болады, зертханалық талдаудан өткен. Бақшаны суару үшін де қондануға болады.
Сонымен қатар, ұзақ жылыту қазандығы қойылған. Мердігер ұйым басшысы қазандықты жеке тексеріп, кепілдік берді.
Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың бірі – Серік Ахметов.
– Бүгін өз баспанамыздың кілтін алып, мәз болып жатырмыз. Құрылыс жұмысы жүргізліп жатқанда келіп бақылап жүрдік. Жақсы салынды деп ойлаймын, өз басыма ұнады. Үй – үлкен, ыңғайлы жерде ораналсқан. Жұбайым екеуміз төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Жеті немерем бар. Жаңа баспанамызда үш ұлымызбен тұратын боламыз. Басымызға түскен қиын жағдайда басы-қасында болып жүрген барша азаматтарға, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне рақмет айтамын. Көрген бейнетіміз бәрі артта қалсын. Келешекте осындай жағдай елімізге келмесін, – деді ауыл тұрғыны.
Жаңа баспаналарды салуға «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» демеуші ретінде 100 миллион теңге қаражат бөлген.
Корпорацияның бас директоры Дүйсен Мерғалиев арнайы мамандар құрылыс процесін бақылап отырғанын атап өтті.
– Біз жыл сайын облыстар, жергілікті әкімдермен меморандумға отырамыз. Меморандум аясында бақылайтын арнайы бөлімшелер құрылған. Үйлердің сапасын, әрине, уақыт көрсетеді. Бірақ үйлер жақсы, сапалы көрінеді. Мен мердігерлерді білемін. Олар біздің кәсіпорындарда да жұмыс істейді. Сондықтан сапасы жақсы болады деген ойдамын, – деді ол.
Тұрғындар жаңа баспанамен қоса, кір жуатын машина, теледидар, тоңазытқыш, шаңсорғыш, кондиционер сияқты тұрмыстық теникаға ие болды. Оны депутаттар мен демеушілер сыйға тартты.
Айта кетерлігі, Жалаулыда көлемі 200 мың текше метр еріген қар суы жиналатын тереңдігі үш метр болатын үш қазаншұңқыр болады. Оның екеуі қазіргі таңда дайын. Осылайша, су басудың жаңа тәуекелдері жойылады. Адамдар мен малдың қауіпсіздігі үшін жасанды су қоймасының айналасына қоршаулар орнатылады.