Павлодарлықтарға алғаш рет Абылай ханның мөр сақинасы мен сауыт-сайманы көрсетіледі
Облыс орталығында ұлы ханның құрметіне тарихи көрме ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
15 сәуірде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Абылай хан резиденциясы музей кешенінің» ұйымдастыруымен «Абылай және оның заманы» көшпелі көрмесі өтеді. Аталған мұражайда ұлы ханның заманына қатысты көптеген тарихи жәдігерлер сақталған.
– Азаттық күрестің жалынды басшысы, қазаққа ұлы хан боп өткен Абылай ханның мұралары Ертістің Павлодар өңірінде алғаш рет таныстырылмақ. Көрмеде Абылай хан резиденциясының макеті, Абылайдың мөр сақинасы, зульфикар қылышы, қазақ батырларының сауыт-сайманы мен семсер, найза, шоқпар, қылыш, айбалта, күрзі, ақинақ, сирақты мылтық сияқты соғыс құралдары, сол кезеңдегі дипломатиялық хаттар мен архивтік құжаттардың көшірмелері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер ұсынылады,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақ хандығының 18-ші ханы – Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр) 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған. Ол Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Абылай қазақ мемлекетінің саяси бірлігін қалпына келтіріп, ірі мемлекетке айналдырды.