Павлодар облысында Құрылтай сайлауы баршаға қолжетімді
Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар павлодарлықтар өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұндай тәсіл сайлау процесінің баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, әрбір сайлаушыға өз дауыс беру құқығын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Мен Брайль қарпімен дайындалған материалдарды пайдаланып, сайлауға қатыса алдым. Қажетті ақпаратпен өзім танысып, өз таңдауымды жасадым, – деді Екібастұз қаласының көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар тұрғыны Бауыржан Нұржанов.
Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін Брайль қарпімен жазылған бюллетеньдерге арналған трафареттер дайындалған. Сонымен қатар, дауыс беру кабиналарында қосымша жарықтандыру қарастырылған.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар учаскелік комиссияға өтініш бере алады. Бұл жағдайда оларға тасымалды дауыс беру жәшігі жеткізіледі.
Ал жүріп-тұруы қиындау сайлаушыларды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін инватакси қызметі ұйымдастырылған.
Еске сала кетейік, сайлау учаскелерінде тактильді жолақтар, Брайль қарпімен жазылған трафарет, арнайы кабина, аудио сүйемелдеуі бар компьютер және ымдау тіліне арналған бейнематериалдар әзірленген.