Павлодар облысында «Супер келін-2026» байқауы өтеді

Павлодар облысында «Супер келін-2026» байқауы өтеді
ЖИ иллюстрациясы

Өтінімдер 7 қыркүйекке дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін, өнері мен шеберлігін қатар алып жүрген заманауи келіндерді анықтауға бағытталған «Супер келін-2026» облыстық байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталды.

Байқауға Павлодар облысында тұратын, 18-35 жас аралығындағы тұрмыс құрған әйелдер қатыса алады.

Байқау бес кезеңнен тұрады. Қатысушылар алдымен «Менің отбасым – менің бақытым!» кезеңінде өзі және отбасы туралы бейнеролик ұсынады. Одан кейін ұлттық тағам дайындау шеберлігін көрсететін «Шебер келін» кезеңі өтеді.

Сондай-ақ қатысушылар қазақы шай ұсыну және қамыр жаю шеберлігін сынайтын «Ас әзірлеу шеберлері» кезеңіне қатысады. «Салт-дәстүр сандығы» бөлімінде ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке арналған интерактивті этно-батл ұйымдастырылады.

Байқаудың соңғы кезеңі – «Өнер әлемінде». Бұл кезеңде қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін таныстырады.

Бес кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушыға «Супер келін-2026» атағы беріледі. Сонымен қатар, «Өнерлі келін-2026» және «Шебер келін-2026» арнайы номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады.

Жеңімпаздар мен байқауға қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Өтінімдерді 7 қыркүйекке дейін Павлодар қаласы, Ломов көшесі, 38 мекенжайына немесе kgu_crmi@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Қосымша ақпаратты 8 705 183 81 70 байланыс телефоны арқылы білуге болады.

Байқау ұлттық құндылықтарды насихаттап, келіндердің өнері мен шеберлігін танытуға және заманауи келіннің жаңа бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.