Павлодар облысында Құрылтай сайлауының ашықтығы бақылауда

Павлодар облысында Құрылтай сайлауының ашықтығы бақылауда

Бақылаушылар алдын ала оқыту мен нұсқамадан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оларға негізгі сайлау рәсімдері, бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ дауыс беру күні атқарылатын іс-қимыл алгоритмі түсіндірілді.

Павлодар облысындағы 501 сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам бақылаушы сайлау процесін бақылауға кірісті.

Бұл туралы «Дауыс» өңірлік коалициясының жетекшісі Алма Қозыбаева мәлімдеді.

– Бақылаушылардың пікірінше, бүгін Павлодар облысында маңызды тарихи оқиға – сайлау өтіп жатыр. Сайлау штаттық режимде өтуде. Біз бақылап, қадағалап, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етудеміз, – деді Алма Қозыбаева.

Бақылаушылар белгіленген рәсімдердің сақталуын қадағалап, дауыс беру барысын тіркеп отыр.

Еске сала кетейік, Ақтоғай ауданындағы №136 сайлау учаскесіне дауыс беруге алғашқылардың бірі болып еңбек ардагері, тыл еңбеккері Әли Альмяшев келді. 98 жастағы еңбек ардагері азаматтық таңдауын жасап, Қазақстанның жаңару жолындағы қадамына сәттілік тіледі.