Ретро-жайдарман: Павлодарда барлық ойыншы бір сахнада бас қосады

Ретро-жайдарман: Павлодарда барлық ойыншы бір сахнада бас қосады

Алдағы қыркүйек айында жайдарманның жаңа маусымы басталады.

Рavlodarnews.kz тілшісі Павлодар жайдарман одағының директоры Олжас Қоңыратбаевпен сұхбаттасып, жайдарманның жай-күйі жайлы сұрап білді.

– Алдымен жергілікті жайдарман лигасының құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?

– Университетте екінші курста оқып жүрген кезде «Ыржи» атты құрама аштық. Бұл командада бес ұл және бір қыз болды. Кейін бірнеше рет команда құрамы ауысты. Уақыт өте келе «Павлодар жастар құрамасы» болып республикалық, халықаралық ойындарда өнер көрсетіп жүрдік. Ал 2015 жылы Павлодар жайдарман лигасының төрағасы атандым.

– Бүгінде Павлодардағы жайдарманның қарқыны қалай дамып келеді?

– Бәрімізге белгілі, әлемде таралған коронавирустық инфекцияға байланысты індет кезінде жайдарман біраз ақсап қалғаны рас. Біраз командалар карантиннен кейін ойындарға шыққан жоқ. Карантиннен кейін жаңа құрамаларды ашып, дайындап, популизация жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде өңірімізде жайдарманның деңгейі біршама өсті деп айтуға болады.  Облысымызда үш лига өтеді. Олар – Торайғыров және Марғұлан университеттерінің лигасы мен қалалық лига.

– Жалпы облыс бойынша қанша жайдарман командасы бар?

– Облыс бойынша 30-35 шақты команда бар. Қателеспесем, 6-7 команда республикалық лигаларда өнер көрсетіп жүр. Бұл командалар толық жартылай финалға өтіп, жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетуде. Айта кетерлігі, өңірімізде қыздар командасы да бар. «Made in Chehov», «Made in Aru» сынды ару қыздарымыздан құралған командалар сәтті өнер көрсетіп жүр. 

– Жастар арасында жайдарман арқылы жетістікке жеткендер бар ма? 

– Әлбетте, осы ойын арқылы жұмысын тауып, көпшілікке танылып, халықтың алдында өнер көрсетіп жүргендер жеткілікті. Мәселен, Алдияр Жапарханов сынды өңіріміздің жайдарманшысы «Ирина Кайратовна» тобында ән айтып, түрлі шоуларда өнер көрсетуде. Киноға да түсіп үлгерді. Нұрсұлтан Зайкенов атты жайдарманшымыз халыққа танымал «Orta» жобасының авторы, жүргізушісі. Жайдарман арқылы жетістікке жеткендер көп.

– Сіздің ойыңызша, жайдарман жастарға не береді?

– Басқа жайдарманшылар үшін жауап бере алмаймын. Өз басым жайдарман арқылы көп жетістікке жеттім. Жайдарман арқылы ажырамас достар таптым, жарымды кездестірдім, бүгінгі таңда осы салада жұмысты жалғастырып келемін.

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұйырса, қыркүйек айынан бастап жаңа маусымымызды бастаймыз. Ойындарды жаңа форматта өткізу ойда бар. Сонымен қатар, өңіріміздің бұрын ойнаған, жаңа жайдарманшыларды біріктіріп, жаңа жобаны жүзеге асырмақпыз. Бұл жоба – Ретро-жайдарман деп аталады. Өңіріміздегі жайдарманның тарихындағы барша жайдарманшылар бір сахнада өнер көрсететін болады.