Шарбақты ауданында ауыл әкімі қызметіне алты үміткер ұсынылды

Шарбақты ауданында ауыл әкімі қызметіне алты үміткер ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биыл Александровка және Шарбақты ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Александровка ауылдық округінің әкімі болуға үш адам үміткер. Олардың бірі – Шарбақты ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық әкімшілендіру және өндіріп алу бөлімінің бас маманы Жанат Жаров. Оның кандидатурасын «Әділет» партиясы ұсынған.

Қалған екі үміткер өзін-өзі ұсынған. Олар – Шарбақты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ақмарал Байысова және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қанат Жүсіпов.

Александровка ауылдық округін 2023 жылдың қыркүйегінен бері Берік Нұрқанов басқарып келеді.

Шарбақты ауылдық округінде де әкімдікке үш адам таласады. Олардың қатарында аудандық статистика басқармасының басшысы Владимир Дружинин, аудан орталығы әкімі аппаратының бас мамандары Айгүл Хауменова мен Жанат Байысов бар. Жанат Байысовтың кандидатурасын «Әділет» партиясы ұсынған.

Екі ауылдық округ әкімінің сайлауы 2026 жылғы 8 қарашада өтеді. Сол күні Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінің тұрғындары да әкімін сайлайды.