Павлодар облысында демалыс күндері бірнеше мас жүргізуші ұсталды
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері өңір жолдарында әртүрлі дәрежедегі мас күйінде бірнеше жүргізуші түнгі уақытта ұсталды. Сондай-ақ, облыс орталығында күндіз мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер байқалды.
– Мысалы, Қалқаман-Керней автожолында Renault автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері жүргізуші мас күйінде деп күдіктенді. Олардың күдіктерін медициналық куәландыру нәтижелерін растады. Осындай жағдай Тереңкөл ауылында тіркелді. Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі де мас күйінде рөлге отырған, – дейді департаментте.
Құқық бұзушылардың көліктері мамандандырылған тұраққа жіберілді, жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Павлодар облысының полиция департаменті мас жүргізуші жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіп төндіретінін еске салады.
Айта кетейік, мас күйінде көлік жүргізген адам 15 күнге қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Мұндай жағдайға куә болғанда полицияға «102» телефоны арқылы хабарласуға болады.