Ертістегі су тапшылығы шаруаларды алаңдатуда
Облыс басшылығы мүмкін болатын құрғақшылықтың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шараларды пысықтауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева айтып өткендей, Ертістегі су тапшылығы 2020 жылдан бері байқалуда. Су жіберу кезеңі алдында Бұқтырма су қоймасының деңгейі 50%-дан кем.
«Ақжар-Өңдіріс» агрофирмасы ЖШС директоры Гүлзира Қазылова Май ауданы шаруаларының ортақ алаңдаушылығын жеткізді.
- Шаруалардың көбі жем-шөпті Ертіс жайылмасынан жинайды. Биыл Май ауданында Ертіс жайылмақ түгілі, жағасынан шыққан жоқ. Бүгінде мал жаятын жер болмай тұр. Бәрі алаңдауда. Осы мәселемен ел Президенті, «Атамекен» ҰКП, Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдадық, - дейді Гүлзира Қазылова.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов проблеманың барын мойындап, Бұқтырмадағы су тапшылығы салдарынан енді Ертісте су жіберілмейтінін жеткізді.
- Мемлекеттің су қорына енді тиісе алмаймыз, осымен бітті – су жіберілмейді, - деді Серік Батырғожинов. – Облыс әкімімен бірге Ертіс жайылмасын әуеден бақыладық: Май, Аққулы және Павлодар аудандары қатты зардап шекті. Ақсу ауылдық аймағы сәл қиындық көруде. Өзеннің төменгі ағысындағы аудандарда су жайылу деңгейі 75% және одан да артық деңгейде.
Облыс әкімінің орынбасары зардап шеккен аудандар шаруаларына әртүрлі көмек амалдары қарастырылып жатқанын айтты. Мысалы, жем-шөп сатып алуды субсидиялау және бұрын шабылмаған шабындықтардан мал азығын дайындау қарастырылуда.
Фото: Константин Шелков