Төрт елдің волонтерлері Павлодардың әлеуметтік көмек көрсету жүйесімен танысты

Төрт елдің волонтерлері Павлодардың әлеуметтік көмек көрсету жүйесімен танысты
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Халықаралық форум аясында қонақтарға инклюзивті білім беру, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу, алғашқы көмек көрсету және еріктілер қозғалысын дамыту бағытындағы үздік жобалар таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамытуға арналған «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» халықаралық еріктілер форумы жалғасуда. Іс-шараға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген өкілдер қатысуда.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова форумның Халықаралық еріктілер жылында өтуінің маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы еріктілер тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.

Форумның алғашқы күнінде делегация мүшелері әлеуметтік жобалардың үздік тәжірибелерімен бөлісіп, халыққа қолдау көрсетудің тиімді жолдарын талқылады. Қазақстандық өкілдер елімізде еріктілер қозғалысын дамыту, әрбір баланың білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету және мұқтаж жандарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар, еріктілер өз тәжірибелерін тәжірибелік сабақтар барысында көрсетті.

Алаңдардың бірі облыстық балаларды оңалту орталығында ұйымдастырылды. Мұнда форум қонақтарына аутизм спектрінің бұзылысы бар балалармен жұмыс істеу ерекшеліктері мен оларға тиімді қолдау көрсету тәсілдері таныстырылды.

Сабақтан кейін қатысушылар оңалту орталығының жұмысымен танысып, мамандардың қызметін көрді. Кездесудің ерекше сәті орталық тәрбиеленушілерінің бірінің қонақтарға ән орындауы болды. Іс-шара соңында балалардың өз қолымен жасаған кәдесыйлары табысталды, – деді оңалту орталығының директоры Анаргүл Мұхаметалинова.

Келесі тәжірибелік сабақ «Ардагерлер үйінде» өтті. Онда еңбек терапиясының нұсқаушысы Мәншүк Бұқаеваның жетекшілігімен қатысушылар арнайы сызбалар бойынша «буфы» техникасында сәндік жастықтар тікті.

Қалалық жағалаудың төменгі бөлігінде Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының Павлодар облыстық филиалы форум делегаттарына түрлі төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық сабақ өткізді.

Қатысушылар алғашқы медициналық көмектің негізгі қағидаларын меңгеріп, жүрек-өкпе реанимациясын жасауды, есінен танып қалған адамға және түрлі жарақат алған жағдайда көмек көрсетуді үйренді, – деді филиал директоры Гүлнар Исақанова.

Еріктілер жедел жәрдем мен өзге де шұғыл қызметтер жеткенге дейін жасалуы тиіс іс-қимылдарды түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сабақтар адамдарға қиын сәтте абдырамай, өзгелерге дер кезінде жәрдем көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұдан кейін форум делегаттары Тереңкөл ауданындағы «Ертіс толқыны» жастар жобасының жұмысымен танысты. Қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылып, интерактивті алаңдар, үстел ойындары және анимациялық бағдарлама ұйымдастырылды.

Кешке еріктілер Павлодар қаласына экскурсия жасап, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жүріп-тұруы қиындау азаматтарға арналған қолжетімді инфрақұрылыммен танысты. Атап айтқанда, арнайы жабдықталған шомылу аймағын аралады.

Сонымен қатар, делегация мүшелері «Ertis» мультимедиялық музейіне барып, Павлодар облысының тарихы, мәдениеті мен табиғаты туралы мол мағлұмат алды.

24 шілдеде форум қатысушылары Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне барып, өңірдің табиғаты және ауданның танымал тарихи орындарымен танысты. Бағдарлама халықаралық экологиялық тимбилдингпен қорытындыланып, қатысушылардың өзара байланысын нығайтуға, экологиялық еріктілік бағытында бірлескен жобаларды дамытуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Форум 25 шілдеде Достық үйінде өтетін «Инклюзия және қолжетімді білім беру: тең мүмкіндіктер қалыптастырудағы волонтерлердің рөлі» тақырыбында пленарлық сессиямен қорытындыланады. Онда қатысушылар форум нәтижелерін шығарып, халықаралық ынтымақтастық пен инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар, Павлодар облысындағы үздік волонтерлік тәжірибелер көрмесі ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум жаңа бірлескен жобалардың бастамасына жол ашады.